Главная страница
Контакты

    Басты бет


Мемлекеттік мүлік туралы

жүктеу 2.61 Mb.



жүктеу 2.61 Mb.
бет13/13
Дата01.04.2017
өлшемі2.61 Mb.

Мемлекеттік мүлік туралы


1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
      199-бап. Мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін

               мәліметтер

      1. Мемлекеттік мүліктің тізілімінде мемлекеттік мүлікті есепке алу объектісі бойынша мынадай мәліметтер:

      1) объектіні сәйкестендіруге мүмкіндік беретін оның сипаттамасы;



      2) объектінің белгілі бір мемлекеттік емес заңды тұлғаға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаға шартқа сәйкес тиесілігі немесе бекітіліп берілуі туралы мәліметтер;



      3) объектінің баланстық құны;



      4) мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтарымен салынған ауыртпалықтың болуы туралы мәліметтер және ауыртпалықтар салу түрі;



      5) объектінің күтіп ұсталуына немесе сақталуына жауапты тұлғалардың реквизиттері;



      6) объектіге құқықтардың туындау және тоқтатылу негіздері, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік мүлікке құқықтарды міндетті түрде тіркеу жағдайында – объектіні және (немесе) оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер көрсетіледі.



      2. Есепке алу объектілері үшін мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін қосымша мәліметтердің құрамына мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегиялары мен даму жоспарлары және олардың орындалуы туралы есептері кіреді.



      Мемлекеттік мүлікті есепке алу объектілері үшін мемлекеттік мүліктің тізілімінде көрсетілетін қосымша мәліметтердің құрамы мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларында айқындалады.



      3. Мемлекеттік мүліктің тізіліміне мәліметтердің сапалы және уақтылы ұсынылуы үшін мемлекеттік кәсіпорындардың басшылары, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атқарушы органдарының басшылары жауаптылықта болады.



      200-бап. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу

      1. Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мемлекеттік мүлікті басқаруға және оның сақталуына бақылау жасауға байланысты шешімдер қабылдау кезінде мемлекеттік мүлік тізілімінің деректерін пайдаланады.

      2. Мемлекеттік мүліктің тізіліміне есепке алу тіркеу және ақпараттық мақсаттарды жүзеге асыруға арналған және оның құқық белгілеушілік немесе құқық куәландырушылық мәні болмайды.



      3. Мемлекеттік мүліктің тізілімін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган құқықтық кадастр деректері, сондай-ақ жер ресурстарын басқару, мемлекеттік статистика, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету, бағалы қағаздар нарығын реттеу және қадағалау, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу мәселелері жөніндегі орталық атқарушы органдардың және басқа да орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері базасында мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қалыптастырады және жүргізеді. Бұл деректер мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган белгілеген нысанда, көлемде және кезеңділікпен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға берілуге жатады.



      4. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу кезінде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана деңгейіндегі республикалық және коммуналдық мүлік объектілері бөлек есепке алынуға жатады.



      Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың коммуналдық мүлкі облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік мүлік тізіліміне есепке алынуына жатады.



      5. Мемлекеттік мүліктің тізіліміне мемлекеттік заңды тұлғалардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың атаулы тізбесі кіреді. Мемлекеттік заңды тұлғаларды және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру, тарату, қайта тіркеу, атауларын өзгерту мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен мемлекеттік мүліктің тізіліміне есепке алынуға жатады.



      6. Мемлекеттік заңды тұлғалар есепке алу объектілері деректерінің мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілуін, сондай-ақ мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган белгілеген бірыңғай мерзімде, бірыңғай әдістеме және деректер пішімі бойынша мемлекеттік мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізілуін қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік мүлікті түгендеу мемлекеттік мүліктің нақты бар екенін анықтауды, сондай-ақ ескерілмеген және бекітіп берілмеген мемлекеттік мүлікті анықтауды және оны одан әрі мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіп беруді қамтамасыз етуге тиіс.



      7. Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректері мемлекетке тиесілі.



      8. Мемлекеттік органдар, заңды және жеке тұлғалар мемлекеттік мүлік тізілімінің деректерін пайдаланушылар болып табылады. Мемлекеттік мүлік тізілімінің деректеріне қол жеткізуді мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы арқылы қамтамасыз етеді.



      9. Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор:



      1) мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу үшін қажетті бағдарламалық қамсыздандыруды әзірлеуді, енгізуді және жаңғыртуды жүзеге асырады;



      2) мемлекеттік мүлік тізілімін жүргізудің техникалық және бағдарламалық құралдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;



      3) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталын құруды, оның жұмыс істеуін және техникалық сүйемелденуін қамтамасыз етеді;



      4) мемлекеттік мүліктің тізілімін пайдаланушыларға Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетеді;



      5) мемлекеттік мүліктің тізілімін пайдаланушылардың мемлекеттік мүлік тізілімінің деректеріне қолжетімділігін қамтамасыз етеді;



      6) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы мемлекеттік органдарға консультациялық және практикалық көмек көрсетеді;



      7) мемлекеттік мүлікті есепке алуды жүзеге асыру кезінде техникалық жобаларды басқару функциясын жүзеге асырады;



      8) мемлекеттік мүліктің тізіліміне есепке алу объектілері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;



      9) мемлекетке тиесілі немесе мемлекеттің оларға қатысты мүліктік құқықтары бар бағалы қағаздарды номиналды ұстаушының функциясын жүзеге асырады.



      10. Мемлекеттік мүліктің тізілімін қалыптастыруға және жүргізуге арналған шығыстарды қаржыландыру тиісті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.



      Ескерту. 200-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).



      201-бап. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу тәртібі

      1. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу:

      1) тізілімге есепке алу объектісі туралы деректерді енгізу;



      2) есепке алу объектісі туралы деректерді өзекті ету;



      3) есепке алу объектісін тізілімнен алып тастау арқылы жүзеге асырылады.



      2. Объектіні мемлекеттік мүліктің тізіліміне қосу осы Заңның 199-бабында көзделген мәліметтерді тізілімге енгізуді білдіреді.



      3. Есепке алу объектісіне мемлекеттің құқықтарының тоқтатылуына байланысты оны тізілімнен алып тастаған кезде осы объектіні байқау тоқтатылады.



      Есепке алу объектісін бір мемлекеттік органның басқаруынан екіншісіне беру, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға иеленуге және (немесе) пайдалануға беру есепке алу объектісін тізілімнен алып тастауға негіз болып табылмайды.


      Мемлекеттік мүліктің тізілімінен алып тасталған есепке алу объектісі туралы деректер тізілім деректері базасының мұрағатына ауыстырылады.


      4. Мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу қағидаларын, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау және пайдаланушыларға одан мәліметтер ұсыну тәртібін қоса алғанда, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.



      Ескерту. 201-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).



      202-бап. Мемлекеттік мүлікті басқару тиiмдiлiгiн бағалау

               және мемлекеттік мүліктің пайдаланылуын бақылау

      1. Мемлекеттік мүлікті басқару тиiмдiлiгiн бағалау мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік заңды тұлғалар мүлкінің сақталуына және ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарының орындалуына бақылау жасауды тиісті саланың уәкілетті органы және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.



      3. Мемлекеттік мүліктің мақсатқа сай пайдаланылуын бақылауды және артық, пайдаланылмаған не мақсатқа сай пайдаланылмаған мүлікті алып қоюды республикалық мүлікке қатысты – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган, коммуналдық мүлікке қатысты жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады.



      4. Мемлекеттік мүліктің пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі әдістемелік басшылықты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.



      Ескерту. 202-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.



16-тарау. МЕМЛЕКЕТ ЖЕКЕЛЕГЕН НЕГІЗДЕР БОЙЫНША САТЫП АЛАТЫН НЕМЕСЕ ИЕЛІКТЕН ШЫҒАРАТЫН МҮЛІКТІ БАҒАЛАУ



      203-бап. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алатын

               немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалау туралы

               жалпы ережелер

      1. Осы тараудың қағидалары стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты іске асыру, мемлекет меншігіне алу, реквизициялау, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару, мүлікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғамдардың акцияларын сатып алу ақысына беру, мемлекеттік заттай гранттарды табыс ету, мемлекеттік мүлікті дербес білім беру ұйымына өтеусіз беру кезінде мүлікті бағалауға қолданылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекет сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалауды «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушы жүргізеді.



      3. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.



      4. Бағалау нәтижелерінің дәйектілігі туралы, сондай-ақ қайта бағалау жүргізу және оның дәйектілігі туралы даулар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен шешіледі.



      5. Мемлекеттің мүлікке құқықтарға ие болуы және олардың тоқтатылуы, мемлекеттік мүлікті иеленуге және (немесе) пайдалануға беру кезінде туындайтын мүлікті бағалау жөніндегі қатынастарға «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының қағидалары қолданылады.



      
Ескерту. 203-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.07.2015 № 337-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



      204-бап. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алатын

               немесе иеліктен шығаратын мүлікті бағалаушыны

               айқындау тәртібі

      Осы Заңның 203-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекет сатып алатын немесе иеліктен шығаратын мүліктің жекелеген түрлері үшін бағалаушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.



      205-бап. Мемлекет меншігіне алу кезінде мемлекет сатып

               алатын мүлікті бағалаудың ерекшеліктері

      1. Мемлекет меншігіне алынатын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы мүліктің алдағы мемлекет меншігіне алу туралы хабарландырудың нәтижесінде өзгеруі ескерілместен оның нарықтық құны белгіленуге тиіс.

      2. Мемлекет меншігіне алынатын мүліктің меншік иесінің талап етуі бойынша мемлекет меншігіне алынатын мүліктің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізіледі. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.



      3. Мемлекет меншігіне алынатын мүлік құнының өтемін өзге мүлікпен төлеу кезінде меншік иесіне мемлекет меншігіне алынатын мүліктің орнына берілетін мүлікті бағалау осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша жүргізілуге тиіс.



      206-бап. Стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты

               іске асыру кезінде мемлекет сатып алатын мүлікті

               бағалау ерекшеліктері

      1. Стратегиялық объектіні сатып алуға басым құқықты іске асыру кезінде мемлекет сатып алатын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы Заңның 188-бабының 1-тармағына сәйкес стратегиялық объектінің меншік иесі табыс еткен стратегиялық объектіні бағалау туралы есепте айқындалған стратегиялық объектінің нарықтық құны, мемлекеттің стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын іске асыруы туралы хабарландырудың нәтижесінде оның өзгеруі ескерілмей белгіленуге тиіс.

      2. Стратегиялық объектіге қайта бағалау жүргізу осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша айқындалатын бағалаушыға тапсырылуы мүмкін. Стратегиялық объектіге бастапқы бағалауды жүргізген бағалаушы стратегиялық объектіні қайта бағалауды жүзеге асыра алмайды.



      3. Стратегиялық объектінің меншік иесінің талап етуі бойынша стратегиялық объектінің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізілуі мүмкін. Бағалаушыға сыйақы төлеу бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.



      207-бап. Реквизициялау кезінде мемлекет сатып алатын

               мүлікті бағалау ерекшеліктері

      1. Реквизициялау кезінде бағалаушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес реквизициялауды жүргізетін уәкілетті орган айқындайды.

      2. Реквизициялау кезінде мүлікті бағалауды реквизициялауды жүргізетін уәкілетті орган бекітеді.



      3. Реквизицияланатын мүлікті бағалау және оның құнын өтеу мөлшерін айқындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.



      208-бап. Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қою кезінде

               мемлекет ие болатын мүлікті бағалау

               ерекшеліктері

      1. Мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесіне немесе өзге де жылжымайтын мүлікке бағалау жүргізу кезінде осы мүліктің нарықтық құны осы Заңның 63-бабының 2-тармағында көрсетілген қаулыны қабылдау нәтижесінде оның өзгеруі ескерілмей белгіленуге тиіс.

      Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті бағалау, бағалау қызметі саласындағы уәкілетті орган бекітетін бағалау стандартына сәйкес жүргізіледі.


      2. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің меншік иесінің атқарушы органға жіберілетін талабы бойынша мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын мүліктің өтем төленген күнгі құнына қайта бағалау жүргізілуге тиіс. Мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті қайта бағалауды мүлікті бастапқы бағалауды жүргізген бағалаушы жүзеге асыра алмайды.



      3. Өтемді ақшадан өзгеше мүлікпен ұсыну кезінде оны бағалау осы Заңның 203 және 204-баптарының қағидалары бойынша жүргізілуге тиіс.



      209-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің

               жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не

               акционерлік қоғам акцияларының төлеміне

               берілетін мемлекеттік мүлікті бағалау

               ерекшеліктері

      1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларының төлеміне берілетін мемлекеттік мүліктің құнын бағалаушы растауға тиіс.

      2. Мүлікті пайдалану құқығын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына мүліктік салым ретінде не акционерлік қоғам акцияларының төлеміне беру кезінде осы салымның мөлшері немесе акциялар төлемінің мөлшері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 59-бабы 1-тармағының қағидалары бойынша және «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңдары бойынша осындай мүлікті пайдаланғаны үшін төлеммен айқындалады.

17-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК МҮЛІКТІҢ ҚҰРАМЫНА ЖЕКЕЛЕГЕН НЕГІЗДЕР БОЙЫНША ТҮСКЕН МҮЛІКТІ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ





      210-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер

               бойынша түскен мүлікті есепке алу ерекшеліктері

      1. Осы тарауда көзделген мүлікті есепке алу ерекшеліктері мынадай:

      1) тәркілеу;



      2) сот актілерінің негізінде заттай айғақтарды мемлекет кірісіне айналдыру;



      3) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбелерді табу;



      4) лауазымдық жағдайына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне берілген, арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусiз тапсыруға жататын сыйлықтар;



      5) республикалық мүліктің құрамына - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның iшiнде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiнде ресiмделген тауарлар мен көлiк құралдарын өтеусіз беру;



      6) коммуналдық меншікке түскен жылжымайтын затты соттың иесі жоқ деп тануы;



      7) өсиет бойынша мұрагерлік;



      8) иесіз қалған мүліктің мемлекетке өтуі;



      9) олжаның мемлекетке өтуі;



      10) қараусыз қалған жануарлардың мемлекетке өтуі;



      11) мүлікті коммуналдық меншік құрамына өтеусіз беру (сыйға тарту);



      12) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұрмайтын көмбелерді табу негіздері бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүліктерге қолданылады.



      2. Осы Заңның 15-тарауының қағидалары, осы мүлік дереу жойылуға немесе өткізілуге жататын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алуға қолданылады. Мұндай жағдайларда осы мүлік туралы мәліметтер есепке алынуға жатады, бірақ мемлекеттік мүліктің тізіліміне ұсынылмайды.



      211-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер

               бойынша түскен мүлікті есепке алуды, сақтауды

               және одан әрі пайдалануды жүзеге асыратын

               органдар

      1. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган республикалық меншiкке айналдырылған (түскен) мынадай мүлiкті:

      1) тәркіленген мүлікті;



      2) сот актілерінің негізінде мемлекет кірісіне айналдырылған заттай айғақтарды;



      3) мәдени құндылықтарға жататын заттардан тұратын көмбелерді;



      4) лауазымдық жағдайына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiне берілген, арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусiз тапсыруға жататын сыйлықтарды;



      5) республикалық меншікке Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеусіз өткен мүлікті, оның iшiнде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiнде ресiмделген тауарлар мен көлiк құралдарын есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады.



      2. Аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары коммуналдық меншікке айналдырылған (түскен) мынадай мүлікті:



      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесі жоқ деп танылған;



      2) мұрагерлік құқығы бойынша мемлекетке өткен, сондай-ақ иесіз қалған мүлікті;



      3) олжаларды;



      4) қараусыз қалған жануарларды;



      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтеусіз өткен мүлікті, оның ішінде мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдарын;



      6) мәдени құндылықтарға жататын заттарды қамтымайтын көмбелерді (қазыналар үлесін);



      7) тәркіленген;



      8) сот актілері негізінде мемлекеттің кірісіне айналдырылған заттай дәлелдемелерді есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.



      2-1. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары оларға қатысты есепке алуды, сақтауды және одан әрі пайдалануды жүзеге асыратын, жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлік түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.



      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша түскен мүлікті одан әрі пайдалану, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оны өткізу арқылы жүзеге асырылады.



      4. Осы бапта көрсетілген негіздер бойынша мемлекет алған мүлікті заңды және жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға беруге тыйым салынады.



      
Ескерту. 211-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.



      212-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер

               бойынша түскен мүлікті есепке алу және сақтау

               қағидалары

      1. Мүлiктi есепке алу:

      1) тиiстi сот актілерi;



      2) нотариус беретiн, мемлекеттiң мұрагерлiкке құқығы туралы куәлiк;



      3) кедендiк ресiмдеу аяқталғаннан кейiн мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік режимiне сәйкес мәлiмделген кедендік жүк декларациясы;



      4) мемлекеттің меншiк құқығы туындағанын растайтын өзге де құжаттар негiзінде жүзеге асырылады.



      2. Мүлiк тiзiмдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актiсi негiзiнде беріледi. Мүлiктi тiзiмдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актiсi онда көрсетiлген тараптардың санына қарай жасалады.



      3. Мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілерін есепке алу үшін актілерді есепке алу кітабы жүргізіледі. Актілерді есепке алу кітабында мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілері олардың түсуіне қарай тіркеледі. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына түскен мүлікті есепке алуды жүргізу тәртібін, мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілерінің және актілерді есепке алу кітабының нысанын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.



      4. Осы баптың қағидалары бойынша мемлекетке түскен мүлікті сақтау осы Заңның 211 және 213-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі.



      213-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер

               бойынша түскен мүлікті өткізу

      1. Мемлекет жекелеген негіздер бойынша сатып алған мемлекеттік мүлікті өткізу мынадай тәртіпті сақтау арқылы жүргізіледі:

      1) комиссия шартының негiзiнде сауда ұйымдары арқылы:



      жарамдылық (сақталу) мерзiмi шектелген азық-түлiк тауарлары;



      бұрын пайдалануда болған өнеркәсiп тауарлары (көлiк құралдарынан, антикварлық бұйымдар мен тауарлардан басқа) өткізіледі;



      2) қор биржасындағы сауда-саттықта бағалы қағаздар өткізіледі;



      3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген өзге де мүлік аукциондарда өткізіледі.



      Егер сауда ұйымдары арқылы немесе аукциондарда өткізуден кейін мүлік толықтай немесе iшiнара өткізілмей қалса, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган осы мүлікті қайта бағалауды жүргізеді.



      Ең төменгі баға бойынша өткізілмеген жылжымалы мүлікті пайдаланудың және жоюдың тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.



      2. Осы баптың қағидалары бөлшектелген көлiк құралдарына, өнеркәсiптік және өзге де жабдықтар объектілеріне, аяқталмаған құрылысқа не мәнi жағынан ұқсас басқа мүлiкке пайдаланылады. Көрсетілген мүлік қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдары немесе қара және түсті металдардың сынықтары ретiнде бағаланады және өткізіледі.



      3. Осы бапта көрсетілген мүлiктi өткізуден түскен қаражат Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген тәртіппен бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.



      4. Мүлiктi есепке алуға, бағалауға, сақтауға, жөнелтіп жiберуге, оны сатуды ұйымдастыруға және одан әрi пайдалану жөнiндегi өзге де шығындарға байланысты шығыстар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.



      5. Сот мүлiктің мемлекет меншiгiне түсуіне негіз болған актiнің күшін жойған (тиiстi бөлiгін өзгерткен) жағдайда мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар мүлiктi заттай қайтаруды жүргiзедi. Егер мүлiк Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өткізілген болса, оның құнын өтеу оны өткізуден алынған қаражат шегiнде жүргiзіледi.



      Залалдар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабының 4-тармағына сәйкес өтелуге жатады.


      Ескерту. 213-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).



      214-бап. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени

               құндылығы бар мүлікке құқықтарды жүзеге асыру

               ерекшеліктері

      1. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы болуы мүмкін мүлiкке «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын арнаулы комиссия сараптама жасайды.

      2. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылыққа жатқызылған мүлiк тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша мемлекеттік мұражайларға өтеусiз берiлуі мүмкін.



      215-бап. Ақшаға, бағалы металдарға, асыл тастарға және

               олардан жасалған бұйымдарға құқықтарды жүзеге

               асыру ерекшеліктері

      1. Ақша түрiндегі мүлiк бюджет кiрiсiнің есебіне жатқызылады.

      Шетел валютасы операция жасалған күнi белгiленген валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң филиалдары арқылы бюджет кiрiсiнің есебіне жатқызылады. Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған, айырбасталмайтын шетел валютасын қабылдау, сақтау, өткізу тәртібін, сондай-ақ оларды өткізуден түскен ақшаны бюджет есебіне жатқызу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.


      2. Ақша түрiндегi мүлiктi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және олардың филиалдарына берудi осындай мүлiктi алған орган мүлiктiң сомасы, берілу уақыты және алушысы көрсетілген беру туралы хабарламаны уәкiлетті органға жiбере отырып жүргiзедi.



      3. Мемлекеттік меншіктің құрамына түскен салымдар (депозиттер) сомасын банктер номиналды түрде толық көлемінде бюджеттің кiрiсiне аударады.



      4. Бағалы металдар, асыл тастар және олардан жасалған бұйымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне жiберiледi және тапсырылады.



      Мемлекет меншiгіне жекелеген негiздер бойынша айналдырылған (түскен) бағалы металдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды тасымалдау, қабылдау, есепке алу, бағалау, сақтау және өткізу тәртiбiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің келісімі бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган белгiлейді.



      Арнаулы мемлекеттiк қордың бағалы металдардан жасалған сыйлықтарын сараптауды, бағалауды және өткізгенге дейін сақтауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.



      5. Осы баптың қағидалары лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар бойынша ақшалай ұтыс түрiндегі мүлікке қолданылады. Лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар бойынша заттай ұтыстың құнын лотерея операторы болып табылатын тұлға бюджет кірісінің есебіне жатқызады.



      Лотерея билеттерін, түбіртектерді немесе өзге де құжаттарды беру тізімдеме актісі бойынша жүргізіледі, онда лотереяның атауы, лотерея операторының атауы, тираждың нөмірі немесе атауы (болған кезде), жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу күні және орны (болған кезде), лотерея билетінің, түбіртектің немесе өзге де құжаттың нөмірі және ұтыс мөлшері көрсетіледі.


      Ескерту. 215-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 09.04.2016 № 496-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      216-бап. Сыйлықтарға құқықтарды жүзеге асыру

                
ерекшеліктері

      1. Лауазымдық жағдайларына байланысты немесе қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне жария түрде немесе ресми іс-шаралар кезінде берілген (тапсырылған), құны Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген он айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар мемлекетке берілген сыйлық болып есептеледі және мемлекеттік мүліктің құрамына түседі, ол арнаулы мемлекеттік қорды қалыптастырады және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен және шарттарда мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға немесе жергілікті атқарушы органдарға тапсырылады.

      2. Арнаулы мемлекеттiк қордағы мүлікті өткізу «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктер ескеріле отырып жүргiзiледi.



      3. Арнаулы мемлекеттік қорға сыйлықты тапсырған адам оны сатып алудан жазбаша түрде бас тартқаннан кейін ғана мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар сыйлықты үшінші тұлғаларға өткізуге құқылы.



      Ескерту. 216-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 18.11.2015 № 411-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.



      217-бап. Сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға

               сәйкес келмейтін азық-түлiк шикізатына, тамақ

               өнімдеріне және өзге де мүлікке құқықтарды

               тоқтату ерекшеліктері

      Сапасы мен қауiпсiздiгiне нормативтiк құжаттарда қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлiк шикiзатын, тағамдық өнiмдерді, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына және санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларға және гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтiн, акциздiк таңбаларсыз өткізілетін темекi бұйымдарын және шығарылған елi белгісіз құрамында темекi бар басқа да бұйымдарды, сондай-ақ тасымалдауға, сақтауға, өткізуге, санитариялық-эпидемиологиялық сараптама мен сертификаттауды жүргiзуге байланысты шығындары өздерінің бағалау құнынан асып түсетiн тауарлардың шамалы партияларын және өзге де мүлiктi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар құратын комиссия жояды.

      Қажет болған жағдайларда комиссияның құрамына санитариялық-эпидемиологиялық қызметтiң қызметкерлерi және жергiлiктi атқарушы органдар мен басқа да мүдделi ұйымдардың өзге де мамандары тартылуы мүмкін.


      Ескерту. 217-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).



      218-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын

               үйлерге құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері

      Осы Заңның 19-бабында көрсетілген жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлер мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорына енгізіледі.

      Мемлекет меншігіне жекелеген негіздер бойынша түскен тұрғын үйлерді одан әрі пайдаланудың тәртібі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.



18-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР



      219-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін екі жыл өткен соң қолданысқа енгізілетін 15-тарауды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:



      1) «Мемлекеттік кәсіпорын туралы» 1995 жылғы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 9-10, 66-құжат; № 24, 164-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 183-құжат; № 13-14, 205-құжат; 1998 ж., № 23, 429-құжат; 1999 ж., № 22, 789-құжат; № 23, 916-құжат; 2001 ж., № 10, 126-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 11, 71-құжат; 2004 ж., № 11-12, 65-құжат; 2006 ж., № 12, 71-құжат; № 15, 95-құжат; 2007 ж., № 4, 33-құжат; № 9, 67-құжат; № 18, 143-құжат; № 19, 148-құжат; 2008 ж., № 24, 126-құжат; 2009 ж., № 15-16, 76-құжат; № 18, 86-құжат; № 23, 112-құжат);



      2) «Жекешелендіру туралы» 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 24, 163-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 12, 189-құжат; 1999 ж., № 21, 786-құжат; № 23, 916-құжат; 2000 ж., № 21, 396-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; 2002 ж., № 10, 102-құжат; 2003 ж., № 1-2, 6-құжат; № 11, 56-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат).



      3. Тіркеуші органдар осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін мүліктік кешендер ретінде жекешелендірілген мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты мемлекеттік кәсіпорын қызметінің тоқтатылуы туралы жазбаны осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде мемлекеттік мүліктің сатушысы табыс еткен, мүлікті сатып алу-сату шарты және беру актісі негізінде енгізеді.



      4. Орман шаруашылығын жобалау саласындағы қызметті жүзеге асыратын, өз қызметін 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жүзеге асыра алатын мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда, осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін құрылған, өздерінің қызмет түрлері осы Заңда көзделмеген мемлекеттік кәсіпорындар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратылуға, қайта құрылуға немесе жекешелендірілуге тиіс.



      220-бап. Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік мүлік бойынша қабылданған нормативтік құқықтық актілерді осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай мерзімде осы Заңға сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылдасын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде мемлекеттік мүліктің тізілімін жүргізу тәртібі мен мемлекеттік мүліктің тізілімін жасау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітсін және осы іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз етсін.





      Қазақстан Республикасының

      Президенті                                 Н. Назарбаев





© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13


жүктеу 2.61 Mb.