Главная страница
Контакты

    Басты бет


Оңтүстік өңірді аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы

жүктеу 1.08 Mb.



жүктеу 1.08 Mb.
бет1/5
Дата13.10.2018
өлшемі1.08 Mb.

Оңтүстік өңірді аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы


  1   2   3   4   5

Жоба
Қазақстан Республикасы Үкіметінің

2017 жылғы «___»___________

№___ қаулысына

2-қосымша




Оңтүстік өңірді аумақтық дамытудың

өңіраралық схемасы
Оңтүстік өңірді аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы (бұдан әрі – Өңіраралық схема) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабын іске асыру шеңберінде, «Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының негізгі ережелерін бекіту туралы» (бұдан әрі – Бас схеманың негізгі ережелері) Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2013 жылғы 30 желтоқсандағы № 1434 қаулысына және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы» (бұдан әрі – Өңірлерді дамыту бағдарламасы) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы
28 маусымдағы № 728 қаулысына сәйкес әзірленді.

Өңіраралық схема екi және одан көп облыстың (не олардың бөлiктерiнiң), сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бірліктердің шекараларын есепке алмай, әлеуметтiк-экономикалық немесе экологиялық аудандардың аумақтарындағы өзара келiсiлген (шоғырландырылған) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi үшiн әзiрлендi.

Ұқсас экономикалық және ресурстық әлеуеттерге негізделе отырып, сондай-ақ Алматы және дамып келе жатқан Шымкент агломерацияларының бар болуын есепке алсақ, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Алматы қаласы Оңтүстік өңірге қарайды.

Осындай аймаққа бөлудің негізгі алғышарттары облыстардың экономикаларын дамыту әлеуеті мен құрылымының ұқсастығы, дамыған көлік инфрақұрылымы, бір шекара маңындағы жолақта орналсауы, дамыған өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы, халықтың көптігі және жоғары тығыздылығы болып табылады.

Оңтүстік өңірге урбанизациялаудың төмен көрсеткіштері тән. Қала тұрғындарының үлесі ел бойынша ең төмен және 38,1% құрайды (Алматы қаласын қоспағанда). Өңірдің шегінде еліміздегі ең ірі Алматы агломерациясы мен әлеуетті миллиондық қала Шымкент қаласында өзегі орналасқан агломерация қалыптасты.

Оңтүстік өңірдің облыстары аграрлық-индустриалдық салада маманданған. Өңірдің үлесіне елдің ЖІӨ 37,8 %-ы тиесілі. Мұнда республикалық өнім өндірісінің 46 %-дан астамы, жеңіл өнеркәсіптің 53 %, қағаз және қағаз өнімі өндірісінің 74 %, химия өнеркәсібінің 41 %, фармацевтикалық өнеркәсіпітің 51%, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінің 42 %, компьютерлер, электронды және оптикалық өнім өндірісінің 65 % шоғырланған.

Өңірлер аумағының перспективті қала құрылысын дамытудың жобалық ұсыныстары жобалаудың аралық (2020 жыл) және есептік (2030 жыл) мерзімдердеріне әзірленіп, мыналады қамтиды:


  1. аумақты аймақтарға бөлу;

2) аумақтың қала құрылысын игеру және дамыту;

3) өндіргіш күштерді қоныстандыру мен орналастыру жүйелерін, өңірлік және өңіраралық маңызы бар көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды кешенді дамыту жөніндегі шаралар;

4) табиғатты ұтымды пайдалану, ресурстармен қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шаралар.

Өңіраралық схема Негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштер мен графикалық материалдан (жобалау жоспарынан) тұрады.

Өңіраралық схемалар аумақтардың даму перспективаларын және инфрақұрылымға ұзақ мерзімді қажеттілікті айқындайтын қала құрылысы стратегиялары болып табылады. Олардың ережелерін іске асыру кезеңділігі, қаржыландыру көздері мен көлемдері бюджет мүмкіндіктері ескеріліп, салалық бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламаларының деңгейінде айқындалады.



  1. Аумақты аймақтарға бөлу, қала құрылысын

игеру және дамыту
Аумақтың қала құрылысын игеру және дамыту
Оңтүстік өңір аумағының қала құрылысын игеру және дамыту аумақтың нысаналы мақсаты мен шаруашылық пайдалануы бойынша функционалдық аймақтарға бөлінуі қатаң сақтала отырып, жүзеге асырылуы тиіс (ауыл шаруашылығы, рекреациялық, табиғаты қорғау, өнеркәсіп және құрылыс қызметін жүргізудің құндылығы мен мақсатқа сай болуы критерийлеріне сәйкес).

Оңтүстік өңір аумағының қала құрылысын игерудің бірінші кезектегі бағыттарына өңір халқын қоныстандыру, өндіргіш күштерді орналастыру, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамыту, аумақты инженерлік қорғау мен қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шараларды жүзеге асыру және функционалдық мақсаттылығы бойынша аумақты аймақтарға бөлу жөніндегі жобалық ұсыныстар кешені жатады.

Аумақтың қазіргі жағдайын және перспективті қала құрылысының игерілуін талдау негізінде жобада Оңтүстік өңірдің негізгі және екінші кезектегі жоспарлау орталықтары мен жоспарлау осьтері (қоныстандырудың тірек қаңқасы) айқындалды.

Оңтүстік өңірдің құрамына кіретін елді мекендер аумақтарының қала құрылысының игерілуін реттеу, оларды дамыту мен аймақтарға бөлу қалалар мен елді мекендердің бекітілген бас жоспарларында қарастырылған.


Жоспарланған аумақты аймаққа бөлу
Бас схеманың негізгі ережелерінің 5-бөліміне сәйкес функционалдық аймақтар 4 негізгі топқа бөлінген:

  1. қарқынды шаруашылық және қала құрылыстық игеру және табиғи ортаны барынша жол берілетін жасанды түрлендіру аймақтары;

  2. қоршаған табиғи ортаны экстенсивті игеру аймақтары;

  3. шаруашылық игерілуі шектелетін және қоршаған ортасы барынша сақталатын аймақтар;

  4. шаруашылық қызметтің ерекше регламенттері бар аймақтар.

Жоғарыда аталған әрбір аймақтың құрамында тиісті кіші аймақтар белгіленеді.

Қазақстан Республикасы жер балансының деректері бойынша Оңтүстік өңір аумағы 2017 жылдың басына 45 ауданды (қалалардағы аудандарды есепке алмастан), Алматы қаласын есепке ала отырып 52 қала мен кенттерді, 2155 ауылдық елді мекенді, 719 ауылдық (селолық) округті қамтиды.

Негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштерде келтірілген алаңдарды айқындау үшін Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 1-бабының 1-тармағына сәйкес аумақтың жобалық жер балансы орындалды.
1.1 Қарқынды шаруашылық және қала құрылысын игеру және табиғи ортаны барынша жол берілетін жасанды түрлендіру аймақтары

Қоныстандыру арналарының кіші аймақтары

Қала құрылысының құндылығы жоғары кіші аймақтар негізінен Оңтүстік өңірдің жоспарлы орталықтарын байланыстыратын басты осьтердің бойында шоғырланады. Жобада негізгі жоспарлы орталықтары Алматы агломерациясының өзегі Алматы қаласы мен Шымкент агломерациясының өзегі Шымкент қаласы, сондай-ақ Талдықорған, Тараз, Қызылорда және Түркістан қалалары болып табылатын негізгі және қосарлас жоспарлы осьтер айқындалған. Екінші қатардағы жоспарлы орталықтарға Арал, Байқоңыр, Шу қалалары жатады.

Оңтүстік өңірдің негізгі ендік жоспарлы осі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәліз және оған жалғасатын көліктік дәліздер «Алматы – Қарағанды – Астана – Петропавл», «Ташкент – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас», сондай-ақ республикалық маңызы бар А-3 «Алматы – Өскемен» автомобиль жолы болып табылады.

Аталған аймақтар өнеркәсіптік және азаматтық құрылыстың, көлік және коммуналдық шаруашылықтың жобаланатын объектілерін орналастыру үшін қажет.

Оңтүстік өңір облыстарының бөлінісінде елді мекендер жерлерінің алаңдары Алматы облысында – 803,5 мың га, Жамбыл облысында – 462,1 мың га, Қызылорда облысында – 658,3 мың га, Оңтүстік Қазақстан облысында – 811,5 мың га және Алматы қаласында – 30,1 мың га құрайды. Оңтүстік өңірдің елді мекендерінің жалпы алаңы 2765,5 мың га құрайды.

Оңтүстік өңірдің елді мекендері жерлерінің жобалық алаңы 2020 жылға қарай 3288,1 мың га және 2030 жылға қарай 3888,1 мың га құрайды.

Көліктік-коммуникациялық дәліздердің кіші аймағы

2017 жылдың басына Оңтүстік өңірдің өнеркәсіп, көлік, байланыс, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздің қажеттіліктеріне арналған және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлерінің алаңдары 738,6 мың гектарды құрайды, бұл ретте Алматы облысының аумағына 42% (310,1 мың га) тиесілі, Қызылорда облысына аталған санаттағы жерлердің 23,4% (173,3 мың га) келеді, Жамбыл облысында - 19,7% (146,0 мың га) және Оңтүстік Қазақстан облысына – 103,5 мың га (14,0%) және Алматы қаласына – 5,7 мың га (0,9%) ең аз жер көлемі тиесілі.

Автомобиль жолдарының аумақтары

Оңтүстік өңірдің аумағында автомобиль жолдарының техникалық жағдайына және өткізу қабілетін ұлғайту қажеттілігіне байланысты жобада алаңы 96,5 мың гектарды құрайтын қолданыстағы автомобиль жолдарының желілерін реконструкциялау ұсынылады. Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (бұдан әрі – ҮАААЖ) аяқтау, «Қырғызстан шекарасына қарай Тараз қаласын оңтүстік айналып өту» автожолын салу жаңа автомобиль жолдарын салу бойынша негізгі жобалық ұсыныстар болып табылады.

Оңтүстік өңірдің автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 25 297 км құрайды.

Жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдары жерлерінің жобалық алаңы «Автомобиль жолдары үшін жер бөлу нормасы» 3.03-02-2001 ҚР ҚН сәйкес белгіленген.

Аталған аумақтар мемлекеттік және қоғамдық мүддедегі аймақ болып табылады. Автомобиль көлігі аймақтарының шегінде учаскелерге меншік немесе мүлік құқығының болуы оларды негізгі функционалдық мақсаттан немесе шартты рұқсат етілген қызмет түрлерінен бөлек кез келген басқа мақсаттарда пайдалану үшін негіз болып табылмайды.

Теміржолдардың аумақтары

Қазіргі уақытта Оңтүстік өңірдің жобаланатын аумағының шекарасында трансқазақстандық теміржол дәліздері өтеді: Трансазиялық теміржол магистралының (ТАТМ) оңтүстік дәлізі – Оңтүстік ТАТМ – «Ляньюньган – Достық – Сарахс – Рази – Стамбул бағытында», сондай-ақ перспективада «Қорғас – Алматы» теміржол желісіне жалғаса отырып, TRACECA - «Ляньюньган – Достық – Ақтау – Баку – Поти – Стамбул бағытында».

Теміржол көлігінің инфрақұрылымын дамыту шеңберінде, жобада өңірдің әкімшілік аудандарының бөлінісінде жаңа теміржол желілерін салу ұсынылады:

2020 жылға қарай «Алматы 1 – Шу» теміржол желісінің учаскесінде қосалқы жол;

2030 жылға қарай «Жетіген – Қазыбек Бек», «Қызылорда – Жезқазған» бағытындағы түзулеуші теміржол желісі ұсынылады.

Теміржол желілері үшін бөлінген аумақтың жобалық аймағы «Теміржол үшін жер бөлу нормасы» 3.03-17-2001 ҚР ҚН сәйкес айқындалды.

Аумақты қарқынды шаруашылық және қала құрылыстық игеру аймағы өңірдің қоныстандыру қаңқасын қалыптастыра отырып аумақты қала құрылыстық игерудің барлық түрлері үшін, оның ішінде өндірістердің, шаруашылық қызметтің және күрделі құрылыстың көптеген түрлерін ұйымдастыру үшін инфрақұрылымдық қамтамасыз етуге ие.
1.2 Қоршаған табиғи ортаны экстенсивті игеру аймағы

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің кіші аймағы

Оңтүстік өңірдің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің жалпы алаңы 2017 жылдың басына республиканың ауыл шаруашылығы жерлерінің 19828,8 мың гектарын (19.3%) құрады. Олардың ішінде егістік жерлердің ең үлкен алаңы Алматы облысында (1023,3 мың га), Жамбыл облысында (763,2 мың га), Оңтүстік Қазақстан облысында (4050,3 мың га) және Қызылорда облысында (158,4 мың га) бар деп саналады.

Оңтүстік өңір, табиғи жағдайлар бойынша Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының тау баурайы мен Оңтүстік өңірдің аса ірі суармалы жерлері шоғырланған Қызылорда облысының шамалы аумағын қамтитын тау алды шөлді дала аймағында орналасқан. Алматы облысында суармалы жерлердің алаңы 579,8 мың гектарды, Оңтүстік Қазақстан облысында (565,7 мың гектар), Жамбыл облысында (229,7 мың гектар), Қызылорда облысында (240 мың гектар) құрайды.

Оңтүстік өңірдің жайылым жерлерінің алаңы 15374,8 мың гектарды құрайды. Олардың ішінде Алматы облысында (7192,1 мың га), Жамбыл облысында (3620,7 мың га), Қызылорда облысында (1713,8 мың га), Оңтүстік Қазақстан облысында (2847,7 мың га) және Алматы қаласында – 500 гектар.

Босалқы жерлер

Босалқы жерлер құрылымында ауыл шаруашылық жерлері басым, атап айтқанда, Қызылорда облысында – 9112,5 мың га (51,0%), Алматы облысында - 4421,9 мың га (24,7%), Жамбыл облысында - 1493,1 мың га және Оңтүстік Қазақстан облысында - 2835,3 мың га. Оңтүстік өңірдің босалқы ауыл шаруашылық жерлерінің жалпы алаңы 1786268 мың гектарды құрайды.

Егістік (жайылым және тыңайған) жерлердің босалқы жерлердегі жалпы алаңының ең үлкен үлес салмағы Жамбыл облысында – 41,4 мың га (33,4%), Алматы облысында – 32,9 мың га, Оңтүстік Қазақстан облысында – 32,3 мың га, Қызылорда облысында – 17,2 мың га байқалады.

2017 жылы Қызылорда облысында 600 гектарда тыңайған жерлерді негізгі игеру жүргізілді, Оңтүстік Қазақстан облысында алаңдар 24,3 мың гектарға, Алматы облысында 16,8 мың гектарға ұлғайды. Ауыл шаруашылығы айналымына барлығы 600 гектар тыңайған жер тартылды. Аумақты ауыл шаруашылығына пайдалану үшін функционалдық аймаққа бөлу және жерлерді трансформациялау бойынша негізгі жобалық ұсыныстар тыңайған жер алаңын егістік жерлерге және босалқы жерлерді жайылым жерлерге ауыстыру болып табылады. Қазіргі уақытта босалқы жерлерде берілген егіндік жерлер тыңайған жер жағдайында, оны ауыстыру бойынша тиісті іс-шаралар қажет. Ауыстыру үшін алаңды айқындау кезінде жерлердің барлық санаттары бойынша тыңайған жер таңдалды.

Егіндік жерге ауыстыруға ұсынылған тыңайған жер алаңы (жерлердің барлық санаттары бойынша) облыстар бөлінісінде:

Алматы облысында – 50,0 мың га (2020 жыл) және 56,3 мың га (2030 жыл);

Жамбыл облысында – 21,0 мың га (2020 жыл) және 20,4 мың га (2030 жыл);

Қызылорда обылысында – 35,0 мың га (2020 жыл) және 24,4 мың га (2030 жыл) құрайды.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2020 жылға қарай егіндік жерге ауыстыру үшін 100,0 мың гектар тыңайған жер, 2030 жылға қарай 63,5 мың гектар ұсынылды.

Тұтастай, Оңтүстік өңір бойынша егіндік жерге ауыстыруға 2020 жылға қарай 206,0 мың гектар тыңайған жер, 2030 жылға қарай 164,6 мың гектар ұсынылады.

Тозу процестерін болдырмау, жасыл екпелерді сақтау және көбейту, сондай-ақ тапталған жайылымдардың беткі қабатына көп жылдық шөптер егу қажет болған түбегейлі жақсартылған жайылымдарда жер отын жаңарту мақсатында бүкіл аумақта бейімделген-ландшафттық тәсілді енгізу шартымен егіндік және табиғи жерлер алаңын өзгеріссіз қалдыру ұсынылады.

Мал шаруашылығын дамыту перспективасына байланысты босалқы жерлер санатынан 2571,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін, 2020 жылға қарай – 456,2 мың гектар және 2030 жылға қарай 2115,1 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ауыстыру немесе шалғайдағы жайылымдар ретінде пайдалану қажет.
1.3 Шаруашылық игеру шектелген және табиғи ортасы барынша сақталатын аймақтар

Шаруашылық игеру шектелген аумақтарды пайдаланудың негізгі қағидатына табиғи немесе мәдени ландшафтқа айтарлықтай зиян келтіре алатын өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы өндірістерін, табиғи ресурстарды пайдаланудың басқа түрлерін дамытуға және орналастыруға жол бермейтін режим орнату болып табылады.

Ұзақ демалу, санаторий-курорт қызметтерінің ареалы қамтылған, көбіне рекреациялық мақсатта пайдаланылатын аумақтар

Оңтүстік өңірдің ұзақ демалу ареалы қамтылған, көбіне рекреациялық мақсатта пайдаланылатын аумақтары батыста Арал теңізінен бастап шығыста Жетісу қақпасына дейін кең аумақты алып жатыр. Өңір сансыз тау алқаптарын, Шарын каньоны шатқалын, Алтын Емел ұлттық паркі мен Іле Алатауы тауларының тізбегін қамтитын, табиғи-климаттық жағдайы бойынша ең тартымды болып табылады.

Өңірдің басты өзендері Сырдария, Шу, Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, сондай-ақ ірі көлдері Балқаш, Алакөл, Сасықкөл, Арал және Қапшағай су қоймасы болып табылады.

Оңтүстік өңірдің рекреациялық және тарихи-мәдени, сондай-ақ сауықтыру мақсатындағы жерлерінің көлемі 158,8 мың га құрайды.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың кіші аймағы

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және онда орналасқан қоршаған ортаны қорғау объектілерінің ерекше экологиялық, ғылыми және мәдени құндылығы бар және Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі болып табылады.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың (бұдан әрі – ЕҚТА) барлық түрлерінің ішінде биологиялық алуантүрлілікті сақтауда мемлекеттік табиғи қорықтар мен мемлекеттік ұлттық табиғи парктер (бұдан әрі – МҰТП) жетекші рөл атқарады.

2017 жылдың басында өңірдің аталған санаттағы жерлері шамамен 1816,5 мың га алып жатыр. ЕҚТА барлық жер түрінің ең ауқымды көлемі Алматы облысына – 1190,6 мың га (республикадағы көлемінің 17,7%), Жамбыл облысына – 12,0 мың га, Қызылорда облысына – 161,0 мың га, Оңтүстік Қазақстан облысына – 431,1 мың га және Алматы қаласына – 21,8 мың га тиесілі.

Оңтүстік өңірдің ЕҚТА жалпы көлемі 2030 жылы – 15580,6 мың га құрайды.

Орман қоры жерлерінің кіші аймағы

Орманмен көмкерілген, сондай-ақ орманмен көмкерілмеген, бірақ орман шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген жер учаскелері орман қорының жерлері болып танылады. Орман қорының жерлері мемлекеттік және жекеше орман қорының жерлерінен тұрады.

Мемлекеттiк орман қорының жерлерiне табиғи түрде ағаш өскен және қолдан ағаш өсiрiлген, орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттiк ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген жерлер жатады.

1991 жылдан бастап 2017 жылға дейін Оңтүстік өңірдің орман қоры жерлерінің көлемі 13903,2 мың га ұлғайды.

Оңтүстік өңірдің орман қоры жерлерінің көлемі Алматы облысында – 4037,2 мың га, Жамбыл облысында – 4429,5 мың га, Қызылорда облысында – 6506,7 мың га, Оңтүстік Қазақстан облысында – 3014,9 мың га құрайды. Оңтүстік өңірдің орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 17988,3 мың га құрайды.

Орман қоры жерлерінің жобалық көлемі 2030 жылы 19071,4 мың га ұлғаяды.


    1. Шаруашылық қызметінің ерекше регламенттері бар аймақтар

Шаруашылық қызметтің ерекше регламенттері бар аймақтардың құрамына енгізілген жерлер, әдетте, алынып қойылмайды. Аталған жерлердің шекарасында аймақтарды белгілеудің мақсаттарымен үйлеспейтін қызмет түрлерін шектейтін немесе тыйым салатын оларды пайдаланудың ерекше режимі енгізілуі мүмкін.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғаудың кіші аймағы

Оңтүстік өңір аймағы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен, Тараз қаласындағы Айша Бибі, Қарахан және Бабажы қатын кесенелерімен, Жетісудағы бірегей мазарлармен даңқы шыққан ежелгі мәдениет және тарих объектілерімен бай. Оңтүстік өңір аумағында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының екі объектісі және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізуге ұсынылған «Жібек жолының ескерткіштері», «Ежелгі Тараз» археологиялық паркі және т.б. тәрізді бірқатар археологиялық ескерткіштер бар.

Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес реттелуі тиіс.

Тұрақты радиометриялық бақылау қажет радиоактивті ластануы мүмкін аумақтар

Оңтүстік өңір аумағында 4 уранды провинцияны: Шу-Сарысу (уранның 60,5% қоры мен ресурсы), Сырдария (12,4 %) әлемдегі ең ірі болып саналады, Іле (7%), Балқаш маңы (1 %)) қамтитын 1 уран кен өңірі – Оңтүстік өңір айқын ерекшеленеді.

Оңтүстік өңірдің әрбір облысы бойынша өңірлік радиоэкологиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша радиациялық кернеулік картасы мен радиациялық-гигиеналық төлқұжаттар картасын жасай отырып радиациялық факторлар сомасы бойынша облыс аумағын аймаққа бөлу жүргізілді.

Оңтүстік өңірдің әлеуетті қаупті радиоэкологиялық аймақтарының алаңы 2330,0 мың гектарды құрайды, олардың ішінде Алматы облысында – 7,0 млн. га, Жамбыл облысында – 8.3 млн. га, Қызылорда облысында – 5,4 млн.га, Оңтүстік Қазақстан облысында – 2,6 млн.га.

Экологиялық апат аймақтарындағы экологиялық жағдайды жақсартуды жобалау кезінде мына міндеттерді шешу қажет:

экологиялық және демографиялық жағдайдың өзгеру динамикасын, әсіресе аумаққа экологиялық апат аймағы мәртебесінің берілуін айқындайтын өлшемшарттар бойынша айқындау;

экологиялық апат аймағының аумағында өткізілген іс-шаралардың нәтижелілігін айқындау;

аумаққа экологиялық апат аймағы мәртебесінің берілуін айқындайтын параметрлерді мониторингілеу жүйесін жетілдіру;

экологиялық апат аймағының аумағында халықтың өмір сүру мәселелерін кешенді шешу бойынша іс-шаралар мен инвестициялық жобаларды әзірлеу.

Экологиялық апат аймағының аумағында экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту бойынша барлық жобалар басқа аумақтарға қатысты басым сипатқа ие болуы тиіс.

Магистралды мұнай және газ құбырларының аумағы

Мұнай және газ өнеркәсібін дамыту үшін құбыр жүргізу көлігі маңызды мәнге ие. Ол көліктің басқа түрлерімен салыстырғанда барынша мамандандырылған болып табылады.

Оңтүстік өңір шекарасындағы қолда бар магистралды мұнай құбырларының жалпы ұзындығы 1289,58 км, магистралды газ құбырларының ұзындығы 7770 км құрайды.

2020 және 2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының газ тасымалдау инфрақұрылымын және өңірлерін газдандыруды дамытуда ел өңірлерінің жекелеген санаттағы тұтынушыларын (зәкірлі тұтынушыларын) газдандыру мүмкіндігі, бірінші кезекте «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГ-на ойып жалғау арқылы «Қызылорда – Теміртау – Қарағанды – Астана» бағыты бойынша «САРЫ – АРҚА» МГ салу.

Су қоры жерлерінің кіші аймағы

Су қоры жерлерінің құрамына су айдындары (өзендер және оларға теңестірілген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа жа ішкі су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, ағынды реттеуге арналған су көздерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жерлер, сондай-ақ келтірілген су объектілерінің су қорғау белдеулеріне бөлінген жерлер және ауыз сумен жабдықтаудың су алу жүйелерінің санитариялық қорғау аймақтары кіреді.

Су қоры жерлерінің алаңы Оңтүстік өңір облыстарының бөлінісінде 2017 жылдың басына Алматы облысында – 193,4 мың га, Жамбыл облысында – 335,9 мың га, Қызылорда облысында – 2239,7 мың га, Оңтүстік Қазақстан облысында – 134,9 мың га және Алматы қаласында 0,6 мың га құрайды. Оңтүстік өңірдің су қоры жерлерінің жалпы алаңы 2904,5 мың га құрайды.

Әзірленген жобалары жоқ су қорғау аймақтары мен су объектілерінің белдеулері «Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 19 – 1/446 бұйрығына сәйкес қабылдануы тиіс.

Осылайша, әрбір функционалдық аймақта аумақты пайдаланудың өзіндік ерекше режимі белгіленген, аталған режим жобалық жоспарды әзірлеу кезінде де, жобалық ұсыныстарды іске асыру кезінде де қатаң сақталуы қажет.

Аумақты функционалдық аймаққа бөлу және анықталған қала құрылысы регламенттер Оңтүстік өңірді аумақтық дамытудың жобалық ұсыныстарына негіз болды.

Жер қорының динамикасы

Жер балансының деректері бойынша 2017 жылдың басына Оңтүстік өңірдің жер ресурстық әлеуеті 70130,9 мың гектарды құрайды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің алаңдары 2016 жылдың басымен салыстырғанда 600 гектарға өсті және 2017 жылдың басына 19828,8 мың гектарды құрайды.

Бұдан басқа, егістікке және отарлы мал шаруашылығына арналған жайылымдарға бұрын жыртуға жарамды жерлер айналымынан шығарылған жалпы алаңы 370,6 мың гектар тың жерлердің және 2571,3 мың гектардан астам босалқы жерлер мен арнайы жер қоры жерлерінің тартылуы мүмкін.

Осылайша, перспективада ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің алаңын ұлғайту 2020 жылға қарай – 20491,0 мың гектарға, 2030 жылға қарай 22108,5 мың гектарға жетеді.

Оысмен бірге, бекітілген бас жоспарларды, сондай-ақ тұрғын үй құрылысын дамыту қарқынын ескере отырып, елді мекендер жерлерін 2020 жылға қарай 3288,1 мың гектарға және 2030 жылға қарай 3888,1 мың гектарға біршама ұлғайту көзделіп отыр.

Су қорғау аймақтары мен белдеулерін нақтылаумен байланысты су қоры жерлерінің алаңдарының 3204,7 мың гектарға біршама ұлғайту күтіліп отыр (Осы өңіраралық схемасына 1-қосымша).



  1. Қоныстандыру және өндіргіш күштерді орналастыру жүйесін, өңірлік және өңіраралық маңызы бар көлік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды кешенді дамыту бойынша іс-шаралар


Халықты қоныстандырудың жүйесін жетілдіру шаралары
Еліміздің Оңтүстік өңірінің жоғары демографиялық және еңбек әлеуеті бар. Өңір республиканың төрттен бір бөлігінен астам аумақты алып жатыр (26,1 %), онда Қазақстан тұрғындарының шамамен жартысы (47,4 %) тұрады. 2016 жылдың басында өңірде 8368,3 мың адам, олардың 4235,8 адамы қалалық жерде, 4132,6 мың адам ауылдық жерде тұрған. Орташа республикалық көрсеткіш 6,5 кезінде 1 шаршы км-ге халықтың 11,7 тығыздылығымен елдің халық өте көп қоныстандырылған аумағы болып табылады. Бұл ретте өңірде урбанизациялаудың төмен деңгейі – 50,6 % байқалады.

Жалпы алғанда, Оңтүстік өңірдің демографиялық жағдайы халық санының тұрақты жоғары өсімімен сипатталады, еліміз бойынша орташа алғанда 1000 тұрғынға 15,2 адам болса, негізінен жоғары табиғи өсімі есебінен 1000 тұрғынға 19,1 адам. Ең жоғарғы көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысына тән – 1000 тұрғынға 23,7 адам, ал төмен көрсеткіш Алматы қаласына тән – 1000 тұрғынға 12,2 адам.

Соңғы он жылдықта өңірдің халық саны 22,6% өсті. Өңір облыстары бөлінісінде халық санының ең жоғары өсімі Алматы қаласына (32,3%) және Оңтүстік Қазақстан облысына (24,5%) тән.

Халықтың жас құрылымында 16 жасқа дейінгі балалардың үлесі 31,7% құрайды, еңбекке жарамды және еңбекке жарамды жастан үлкен жастағы халықтың үлесі 59,3 % және тиісінше 9,0%.

Өңірде көші-қонның оңды сальдосы Алматы қаласында ғана байқалады, ал өңірдің қалған облыстарында халықтың кету ағыны жалғасуда, 10 жылдықта сомалық теріс сальдо 172,3 мың адамды құрайды. Көші-қон ағыны ауылды елді мекендерден қалаға, үлкен және ірі қалалардың маңына, сондай-ақ біршама қолайлы экономикалық жағдайы бар өңірлерге бағытталған. Тартылыс орталықтары Алматы, Астана, Шымкент және осы қалалардың қала маңындағы аймақтар, сондай-ақ Батыс өңірдің мұнай өңдейтін аудандары болып табылады.

Оңтүстік өңір халқын қоныстандыру жүйесінің негізі тапсырмасы ірі және үлкен қалалардың, соның ішінде агломерация орталықтарының аумақтық өсімін шектеу, моно және шағын қалаларды, реттелмеген өңіраралық және ішкі өңірлік көші-қон ағынын төмендетуге және қалалық жергіліктің жанындағы табиғи аймақты ұтымды пайдалануға септігін тигізетін тірек ауылдық елді мекендерді перспективті дамыту болып табылады.

Оңтүстік өңірдің перспективті демографиялық жағдайы негізінен табиғи өсіммен байланысты қолайлы үрдістермен сипатталады. 2030 жылдың аяғына дейін өңір халқының саны 31,3 % артылып, 10569,5 мың адамды құрайды.

Өңірлік еңбек нарығындағы теңгерімділікті қамтамасыз ету үшін еңбекке жарамды халықты аумақтық қайта бөлуді ынталандыру қажет.

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауына сәйкес басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға соның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысының (Мақтаарал, Сайрам аудандары) басы артық жұмыс күші бар аудандардан жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.

Бұл ретте, тұрғын үй ұсынуды, жол жүруіне кететін көлік шығындарын қайтаруды, бизнес жүргізудегі салық жеңілдіктері, қабылдау өңірлерінде (мысалы Ресей Федерациясына енгізілген солтүстік коэффициенттер) айлықақы коэффициенті мен үстемені енгізуді қарастыратын қоныс аударушыға қолдау көрсетілуі керек.

Еңбекке қабілетті жастағы Оңтүстік өңір халқының көші-қондық ағынын еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне қайта бағыттау халықтың көші-қон ағынын біршама біркелкі бөлу және Алматы мен Шымкент қаласында жоғары көші-қон ағынын төмендетуге ықпалын тигізеді.

Республиканың артық жұмыс күші бар аудандары тұрғындарының мобильділігін арттыру шараларының бірі Оңтүстік өңірді Орталық өңірмен тікелей байланыстыратын жаңа көлік желілерін салу және қолданыстағы көлік желілерін жаңғырту болып табылады. Сонымен, 2030 жылға қарай «Қызылорда – Жезқазған» қатынасында теміржол желілерін салу тасымалдау тиімділігін арттыра ғана қоймай «оңтүстік – солтүстік» бағыты бойынша көші-қон қозғалысының қарқындығын арттырады.

Ішкі көші-қонды реттеу, бастысы халық үшін, халықтың көші-қондық қайтуды болжайтын жұмыс күшінің аумақтық мобильдігін арттыру үшін экономикалық жағдай жасаудан туындайды (еңбек нарығын және тұрғын үйді тепе-тең дамытуын қамтамасыз ету).

Облыстар ішіндегі реттелмеген көші-қонды төмендетуге қарай тартылыс нүктесі ықпалын тигізеді: қоныстандырудың тірек қаңқасының өңірлік орталықтары, перспективалы моно және шағын қалалар, тірек елді мекендер.

Жалпы алғанда, Оңтүстік өңірдегі қоныстануды дамыту жүйелерінің тұрақтылығын арттыру жөніндегі негізгі іс-шаралар:

еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту деңгейін түбегейлі арттыру және өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін төмендету мақсатында экономиканың біршама еңбекті қажетсінетін салаларын дамыту басымдылығына ықпал ету;

еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда елді мекендердегі жастардың аумақтық және кәсіби мобильдігін арттыру мақсатында өңір аумағындағы арнайы орта оқу орындарында желілерін кеңейту басымдырақ болып табылады.

Оңтүстік өңірді перспективалы дамыту экономикалық өсу нүктесі болып табалатын екі ірі – Алматы және Шымкент агломерациясы өңірінің аумағында көрінісін табады. Көші-қон ағынын төмендету үшін агломерациялардың орталықтарына негізгі жоспарлы остері бойынша халықтың көші-қон ағылуының қайта бағытталатын ірі елді мекендер базасында контрмагнит және серіктес қалаларды қалыптастыру ұсынылады. Алматы агломерациясында Қапшағай қаласы, Ұзынағаш және Шелек ауылдары, Шымкент агломерациясында – Сарыағаш, Арыс қалалары, Т. Рысқұлов атындағы ауыл сияқтылар контрмагниттер болады.

Оңтүстік өңірде агломерация орталықтарынан басқа жылдам дамтитын қалалардың санына Тараз, Қызылорда, талдықорған және Түркістан екінші деңгейлі қалаларды жатқызуға болады.

Осы қалалардың жанында маятникті еңбек көші-қоны радиусында ерекше қала құрылысын реттеу аймағын орналастыру ұсынылады, онда құрылыс салуға жер учаскелерін кесіп беру инженерлік желілер, жолдар және әлеуметтік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген аумақтарда жүргізу қажет.

Ішкі көші-қонның негізгі себептерінің бірі өнеркәсіптік өндірістің құлдырауы, ал оның салдары моно және шағын қалалардағы тұрғындардың өмір сүру деңгейі болып табылады.

Моно және шағын қалалардың проблемаларын шешу үшін экономикалық әлеуетті және қалалардың жаңа мамандануын, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығын, еңбек ресурстарының мобильдігін арттыру, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қолдауды анықтау қажет.

Сондай-ақ, шағын және моно қалаларды оңалтуға арналған бағыттардың бірі ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша кәсіпорындарды құру болып табылады, ондағы шикізат іргелес жатқан ауыл шаруашылық құрамалардан жеткізілетін болады. Көлік және көлік-логистикалық тораптар сияқты моно қалаларды дамыту да перспективалы болып табылады.

Осы қалаларда және елді мекендерде халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін, олардың әсер ету аймағындағы шағын және орташа қалаларда әлеуметтік маңызы бар объектілерді орналастыру, олар өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашады және ол жергілікті халықтың жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Ауылдық қоныстандырудың жүйесін жетілдіру ауылдық аумақтардың өндірістік, әлеуметтік және экологиялық қызметтерін кеңейту, ауыл тұрғындарының өмір жағдайын жақсарту үшін жағдайлар жасауда байқалады.

Ауылдық елді мекендердің жүйесін дамыту тірек ауылдық елді мекендер арасында елді мекендердің жоғары және орташа әлеуетімен байланысты.

Ауылдық аумақтар мен ауылдық елді мекендердің даму перспективасы ауыл шаруашылық өндірісінің аумақтық ұйымдастыруын дамыту стратегиясымен өзара байланысты болуы тиіс.

Ауыл тұрғындарының санын арттыру үшін экономикалық қызметті дамытуға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, өткізу нарығына және елді мекендерге дейін көлік қол жетімділігін кеңейту, мемлекеттік және коммерциялық қызметтерді көрсету орталықтарын құру және дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды іске асыру ұсынылады.

Халықтың ауылдан кетуін азайту және ауылдық елді мекендердің демографиялық жағдайын жақсарту үшін ауыл шаруашылық саласын жаңғырту және ұсақ тауарлы өндірістен орташа және ірі тауарлы өндіріске, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сатылас және деңгейлес кооперациясы жолымен шаруашылықтарды іріленуге өту ұсынылып отыр. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауына сәйкес бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек. Ауылдық елді мекендерді дамытуда ірі тауарлы өндіріс қала құрушы база болуға қабілетті.

Ауылдық елді мекендерде қоныстандырудың тұрақты жүйелерін қалыптастыру халыққа қызмет көрсету мен абаттандырудың мәдени-тұрмыстық деңгейіндегі айырмашылықтарымен байланысты елді мекендер желілерін дамытуда сәйкессіздіктерді еңсеруде байқалады, әртүрлі көлемдегі ауылдық елді мекендердің халқына мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету аймағының қол жетімділігі деңгейін арттырудағы қоныстандыру жағдайларын жасау.

  1   2   3   4   5

  • Аумақты аймақтарға бөлу, қала құрылысын игеру және дамыту Аумақтың қала құрылысын игеру және дамыту
  • Жоспарланған аумақты аймаққа бөлу
  • 1.1 Қарқынды шаруашылық және қала құрылысын игеру және табиғи ортаны барынша жол берілетін жасанды түрлендіру аймақтары
  • 1.2 Қоршаған табиғи ортаны экстенсивті игеру аймағы
  • 1.3 Шаруашылық игеру шектелген және табиғи ортасы барынша сақталатын аймақтар
  • Шаруашылық қызметінің ерекше регламенттері бар аймақтар
  • Қоныстандыру және өндіргіш күштерді орналастыру жүйесін, өңірлік және өңіраралық маңызы бар көлік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды кешенді дамыту бойынша іс-шаралар
  • Халықты қоныстандырудың жүйесін жетілдіру шаралары

  • жүктеу 1.08 Mb.