Главная страница
Контакты

    Басты бет


Эдуард шеварднадзе: сіздер сын сағатта сыр бермедіңіздер

жүктеу 304.91 Kb.



жүктеу 304.91 Kb.
бет1/3
Дата10.03.2020
өлшемі304.91 Kb.

Эдуард шеварднадзе: сіздер сын сағатта сыр бермедіңіздер


  1   2   3

Эдуард ШЕВАРДНАДЗЕ: СІЗДЕР СЫН САҒАТТА СЫР БЕРМЕДІҢІЗДЕР


19 19 Мамыр 2010 | Тұлға

http://www.egemen.kz



 Загрузка ...

“Жиырмасыншы ғасырдың тарихи жылнамасында Эдуард Шеварднадзенің есімі айшықты әріптермен әдіптелген. Михаил Горбачевпен бірге Эдуард Шеварднадзе жаңаша ойлауды жақтайтын аса көрнекті тұлғалардың қатарына қосылады, ондайлар Кеңес Одағында онша көп болмайтын. Әсіресе, саясаткерлердің арасында тіпті сирек еді. Алайда, олар өзінің елін ғана емес, бүкіл әлемді өзгерте алды  – бүкіл әлемді жақсарта алды” – Ганс-Дитрих Геншер осылай жазған болатын. Әрбір көзі қарақты адам Эдуард Шеварднадзенің дүние тарихындағы орны жөнінде дәл осылай немесе осыған қарайлас ойлайды деп шамалауға толық негіз бар. “Эдуард Шеварднадзенің өмірі – саясатта ұзақ өмір сүре білудің ерекше үлгісі. Оның мансап жолының жылнамасы аспандай асқақтау мен қирай құлдырауға, бір лагерден бір лагерге, бір саяси сахнадан екінші саяси сахнаға күтпеген жерден, әйтсе де заңды түрде ауысуға толы. Одақтық Грузияның қатаң коммунистік лидері Шеварднадзе 1980-ші жылдардың соңында горбачевтік саяси бюродағы басты демократтардың біріне, “жаңаша ойлау” саясатының белсенді жүргізушісіне, АҚШ-пен одақтасуды құлшына қолдаушыға, Германияны біріктіру идеясының жақтаушысына айналды. 1990-шы жылдардың басында, тәуелсіз Грузияның бірінші президенті, бұрынғы диссидент Звиад Гамсахурдиа елден қуылып шыққаннан кейін ол Грузия президенті болды, арада 11 жыл өткенде АҚШ президенті ойластырған “жаһандық демократия революциясының” алғашқы оқ атысында өзі тақтан тайды­рылды. Біздің заманымыздың ең табанды әрі ең тәжірибелі саясаткерлерінің бірі болып табылатын Эдуард Шеварднадзе кім?” – жақында Тбилисиге жолымыз түскенде алынған сұхбаттан кейін маған қолтаңба қойылып, сыйға тартылған кітапта – Эдуард Шевар­днадзенің “Когда рухнул железный занавес” деп аталатын мемуарлық еңбегінің (М., “Европа”, 2009) аннотациясында осылай жазылған.

Елдің бұрынғы президентіне оның 2003 жылғы 23 қарашадағы отставкасынан кейін қалдырылған, жұрт “Шеварднадзенің Крцаниси резиденциясы” деп атайтын тау биігіндегі  жекежайда Қазақстан Республикасының Гру­зиядағы Төтенше және өкілетті елшісі И.И.Мур­салимовтің көмегімен ұйымдасты­рылған мына сұхбат барысында сол сұраққа біз де жауап іздеп көрдік.

– Құрметті Эдуард Амвросиевич! Отыз бес жылдық журналистік жолым мені көптеген атақты адамдармен, биік лауазым иелерімен кездестірді. Олардың арасында бірнеше елдердің президенттері де бар. Әйтсе де дәл бүгінгі әңгіменің – экс-президентпен сұхбаттың мәнін солардың ешқайсысынан кем қоймас едім. Бүгін мен шын мәнінде әлемге әйгілі тұлғамен, дүние тарихын өзгертуге нақты ықпал еткен адаммен әңгімелескелі отырғанымды толық түсінемін. Мені қабылдауға уақыт тапқаныңыз үшін алғысымды айтамын.

Студенттік жылдарымызда, болашақ журналист болсақ та, шыны керек, партияның қаулы-қарарларына онша мән бере бермейтінбіз. Соның өзінде де бір қаулының елді елең еткізгені, жаңағы құжат жарияланған газет нөмірінің қолдан қолға көшіп жүргені есімізде. Ол құжат – СОКП Орталық Комитетінің Тбилиси қа­ла­лық партия комитетінің жұмысы туралы қаулысы. Жас болсақ та жаңағы қаулы­ның кезекті партиялық құжат еместігін, елде расында да алаңдайтындай жағдай­лар бар екендігін пайымдағанбыз.  Сіздің саяси мансап жолыңыз сол қаулыдан кейін шындап басталғаны белгілі. Ондай қаулының қабылдануына не себеп болды?

– Сол жылдар үшін ол, расында да, төтенше қаулы еді. Тбилиси қаласы бойынша ғана қабылданғанымен, сол құ-жатта аталған тамыр-таныстық, жемқор­лық, парақорлық, протекция, ұрлық-қарлық, заңсыздық көріністері  Кеңес Одағындағы кез келген жерден табыла-тын. Әйтсе де, әлгіндей әрекет­тер­дің дәл Тбилисиде шектен шығып кет­кендігі мойындамауға болмайтын шындық еді. Мен Тбилиси қалалық пар­тия комитеті­нің бірінші хатшылығына Ішкі істер министрі қызметін он жылдан артық уақыт атқарып келгендіктен де мұның барлығын өзгелерден жақсырақ біле­тінмін. Сол жылдың аяғында-ақ менің Грузия Компартиясы Орталық комите-тінің бірінші хатшысы болып сайлануым қаладағы тәртіпті тез арада қалпына келтіре алуымның, ең бастысы – жұрт­шылықтың әділеттілікке сенімін оралта алуымның арқасы деп айтуымның артықтығы болмас.



– Солай екендігін біз де алыста жүріп-ақ шамалайтынбыз. Сіздің республикадағы коррупциямен қалай күресіп жатқаныңыз Қазақстанға да жететін. Бір жолы сіз үкімет мүшелерінің қарауына нақты мә­селе ұсынып, дауыс беруін сұрапсыз. Олар қолдарын көтерген кезде сіз сол күйінде, қолдарын түсірмей тұра тұруларын өті­ніпсіз. Сонда қолында таза алтын сағаты жоқ бірде-бір министр табылмапты… Бұл болған жағдай ма, анекдот па?

– Кез келген анекдоттың астарында шындық жатады…



– Кеше біз, бір топ қазақстандық журналистер, Боржом шатқалына, атақты арасан суы шығып жатқан жерге бардық. Кешкісін кәдімгі грузин қонақжайлылы­ғымен айқара жайылған дастарқан басын-да әріптестерімнің бірі, “Казахстанс­кая правда” газеті бас редакторының орынбасары Гүлнәр Рахметова: “Грузия бұрын 15 баласы бар үйдің ең ерке баласы сияқты еді”, деп қалды. Сол сәтте-ақ дастарқанның ана басынан бір егде кісі: “Кейін еркеліктің азабын тарттық қой…”, деп әзіл айтып үлгерді. Расында да, бүкіл елді ұлты грузин Сталин басқарған жылдардан бері Грузия Кремльдің ерекше назарында тұрған, бөлекше қамқорлы­ғында болған дейтін түсінік бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Сталин заманындағы репрессия­лардан ең көп зардап шеккен халықтар­дың бірі – грузиндердің өзі. “Тәубеге түсу” (“Покаяние”) фильмін көрген кез келген адамның көзі жетеді бұған. Айтқандай, Тенгиз Абуладзенің сол филь­мін мен әу бастан қолдап, түсіріл­ген соң Мәскеу алдында қорғап шық­қан­мын. Сталин мен Берия өзгелер гру­зин ретінде қанына тартады демеуі үшін өз ұлтына тіпті артық қиянат жасаған.



– Кеше  Гориде болдық. Бізге Сталин туған үйдің есігін ашып беретін адамның да табылмағаны таңдандырды. Сондағы мэрияның алдына қойылған Сталин ескерткішін жұлып тастау жөнінде дау-дамай өршіп тұр екен. Менің өз ойымша, Жер бетінде Сталинге жалғыз ескерткіш сақталуы жөн болса, ол ескерткіш оның отанында – Гориде тұруға тиісті сияқты.

– Грузияның кеңес өкіметі жылда­рында көп өскені, көркейгені анық. Бірақ ол ешкімнің де бөлекше қамқор­лы­ғының арқасы емес, мұның бәрі грузин халқының, республикадағы көп ұлтты жұртшылықтың бірлесе атқарған жемісті жұмысының арқасы. Белгілі бір дәрежеде Грузия эксперименттер жа­са­ла­тын республикаға да айналды. Әсі­ресе, ауыл шаруашылығында реформа жақсы жүрді. Аудандық агроөнер­кә­сіп­тік кешендердің (РАПО) құрылуы ал­дымен бізде басталған. Абаш ауданында.



– Сонда да бірқатар артықшылықтар болды ғой?

– Мысалы, қандай?



– Мысалы, грузин тілінің Грузияның мемлекеттік тілі болғандығы. Біз тәуелсіз­дікке дейін, тіпті респуб­ликамыздың бірінші басшысы Саяси бюроның мүшесі болып тұрса да,  ондайды армандап қана қоятынбыз. Тіпті кейін де қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне бір-екі жыл айтысып-тартысып жүріп қол жеткіздік.

– Оның жайы былай. Лениннің тұсында-ақ грузин тілі бізде мемлекеттік тіл еді. Сталиндік конституция сол статусты  бекітіп қана берді. Ал Грузия­ның 1978 жылғы конституция­сында гру­зин тілінің мемлекеттік мәртебесін сақ­тап қалуы оңайға түскен жоқ. Бұл арада студент жастардың да,  ел интел­лиген­циясының да, республика басшы­лығы­ның да сөзі бір жерден шығуының мәні үлкен болды. Брежневтің де көмегі тиді.



– Қазір қоғамда Брежнев туралы толықтай теріс түсінік қалыптасып бітті. Сіз ол кісінің басшылығымен көп жыл жұмыс істедіңіз, оны жақсы білдіңіз. Соншалықты дәрменсіз болса, ондай адам КСРО-дай алып державаны 18 жыл бойы қалай басқарған?

– Брежневтің тұсында Грузияны 10 жыл басқарғаныммен, ол кісіні сонша жақын білдім дей алмаймын. Мәскеудегі жиналыстарда, съездерде, бірнеше рет Грузияға келгенінде араласқаным болмаса. Брежневтің маған сенгенін айтуым керек. Менің бастамашыл жұмыс стилімді қолдап отыратын. Осы жақтан жазылып жататын арыздарға байланысты “Республиканың көрсеткіштері жақсы, Шеварднадзе жұмысын біледі, кедергі келтірмеңдер” деп айтты дегенді талай рет естігенмін. Жалпы, жүрегі жұмсақ адам еді.



– Грузин тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтап қалуына Брежнев қалай көмектесіп жүр?

– 1977 жылы КСРО-ның жаңа  Конс­титуциясы қабылданды ғой. Содан кейін барлық республикалар жаңа Конс­титуцияға негізделген өз конституция­ларын жасауға, қабылдауға кірісті. Мәскеу барлық ұлт өкілдері бірдей түсі­не­тін орыс тілін Грузияда да мемлекеттік тіл етуді ұсынды. Оған дейін республи­каның негізін құраған ұлттың тілі тек Грузияда ғана мемлекеттік тіл мәртебе­сіне ие еді. Енді бізге де қауіп төнді. Біз әу бастан бұл ұсы­нысқа қарсы болдық. “Қарсы шықтық” демей, “қарсы бол­дық” деп әдейі айтып тұрмын. Консти­туция жобасын жасау бары­сында ашық қарсы шықсақ, Мәс­кеу бірден-ақ тиісті шешім қабыл­дай­ты­нын, оның тіпті рес­пуб­лика басшы­лы­ғы­на байланысты ұйым­дық шешім болуы да мүмкін екенін біз жақсы білдік. Сон­дықтан Грузия Конститу­циясы жөнінде мен жасайтын баяндамада грузин тілі мемлекеттік тіл статусын сақтап қала­тын­дығы жөнінде айтылатынын барын­ша құпия ұстадық.  Дегенмен, Мәскеуге барып қайтуға тура келді. Әуелде “елдің бас идеологы” Сусловпен кездестім, бірақ оған грузин үшін ана тілінің қан­дайлық орны бар екенін айтып түсін­діремін дегенімнен ештеңе шықпады. Болмаған соң Бреж­нев­тің қабылдауына кірдім. “Эдуард, сен білесің ғой, мен идео­логиямен айналыс­паймын. Суслов­пен өзің сөйлес”, деуден аспады ол кісі. Сусловпен қайта сөйлесудің мәні жоқ екенін білгеннен кейін мен Орталық Комитеттің Жалпы бөлімінің меңгеру­шісі Черненкоға кірдім. Білімді адам еді, ол ақыры біздің позициямыздың дұ­рысты­ғына Бреж-невтің көзін жеткізіпті, сөйтіп оның ауызша келісімін алып шығыпты.

Конституция қабылданатын кезге қарай республикамызда осы мәселе бойын­ша қатты толқу болды. Тиісті орган­дар тіпті жастар Үкімет үйіне ша­буыл жасауы мүмкін деген ақпарат та бе­ріп жатты. Тіл мәртебесі жөніндегі мәсе­лені мен Жоғарғы Кеңесте жасайтын баян­дамамның ең соңына әдейі қалдырдым.

Сол жиынның әрбір сәті әлі күнге көз алдымда. Баяндамамның орта беліне жақындаған тұста екінші хатшы мін­берде тұрған маған тілдей қағаз жазып жіберді.



– Екінші хатшы – Колбин ғой?

– Иә, Колбин. Ол мемлекеттік универ­ситет студенттері жиналып, алаңға келе жатқанын жазыпты. Мен баянда­мамды жалғастыра бердім. Арада бес минөттей өтпей, Колбин тағы бір қағаз жіберді. Онда енді политехникалық инс­титуттың студенттері колоннаға қосыл­ғанын жазыпты. Опера театрының маңына келіп қалған екен. Парламентке жақын жер. Мен мәтінді әрі қарай оқи бердім. Сәлден кейін тағы бір қағаз келді. Енді политехника институты мен университет студенттеріне қаладағы өзге жоғары оқу орындарының студенттері, бүкіл жастар қосылғаны жазылыпты. Баян­даманың аяқ шенінде жаңа Консти­туцияда да грузин тілі Грузин КСР-інің мемлекеттік тілі болып табылатынын хабарладым. Зал дүркіреп ала жөнелді. Сол екпінмен парламент алдындағы алаңға барып, жастармен тікелей кездес­тім. Жастардың ортасына мынандай жағдайда күзетсіз қойып кету қауіпті екенін де түсіндім, бірақ ол тұста енді не нәрседен де тайынбауға бекінген едім. Мен есіктен шыққаннан-ақ бүкіл алаңды “Дэда Эна!”, “Дэда Эна!”  деген ұрансөз кернеп кетті. “Дэда Эна” – грузинше “туған тіл”. Студенттерге дүрлігудің жөні жоқ екенін, осындай шешім қабылдана­тынын айтсам, жастар сенбейді. “Сенбесеңіздер кешке дейін күтіңіздер. Кешке менің баяндамамды теледидардан береді. Егер оған да сенбесеңіздер, таңертеңге дейін күтіңіздер. Таңертең менің баяндамам газеттерде жариялана­ды”, дедім. Ақыры жастар алаңнан тарады. Бізден кейін, ертеңінде Армения өзінің Конституциясын қайтадан қабыл­дады, сөйтіп армян тілін мемлекеттік тіл етіп олар да бекітіп алды.



– Мәскеу осыған келісті ме?

– Қайдан келіссін? Артынша рес­публика басшылығын түгел дерлік Сус­ловқа шақырды. Мен, Совмин төрағасы, екінші хатшы, тағы бірер кісі – бәріміз бардық. Суслов біздің мәселемізді Саяси Бюроға шығаратынын айтты. Бәріміз сонда да қарсылық білдірдік, ойы­мыздан қайтпайтынымызды мәлімдедік. Колбин де қатты қарсы болды. Бізге “ұлтшыл­дық”, тағы басқа айыптар тақты.

Сөйтіп тұрғанда телефон шырылдап қалды. Брежнев екен. Қалай екенін қайдам, сөзінің бәрі маған да естіліп тұрды. Басқа бір мәселелер бойынша тап­сырмалар берді де, “Саған Шевард­надзе кірді ме?” деп сұрады. Суслов: “Ол қазір менде отыр, бұлардың мәселесін принципті түрде қарау керек” дей беріп еді, Бас хатшы: “Шеварднадземен сөйлестік қой, сол да жетеді” деді де әңгімені бітіре салды. Мәселеміз солай шешілген.

– Колбин грузин тілінің мемлекеттік мәртебе алуын қатты жақтады дейсіз. Жалпы, ол кісі туралы пікіріңіз қандай?

– Бізде екінші хатшы болды. Оның алдында Свердловскіде жұмыс істеген. Грузияға қызметке жіберілерде Суслов қа­былдапты. “Маған ұлт республика­сында жұмыс істеу қиын болады. Гру­зин­дердің тарихын, дәстүрін, мәдениетін білмеймін”, депті. Сонда Суслов: “Ең бастысы – экономика. Ал әйел патша Тамараның жағдайын грузиндер өздері шешсін”, деген екен. Колбин бізде жаман жұмыс істеген жоқ. Тек оны Қазақстанға жібергені қателік болды. Қонаевтан кейін Колбиннің деңгейі бірден көзге бадырайып тұрды. Қонаев академик еді ғой. Бәріне кеңінен қарай­тын, терең ой жіберетін. Өте икемді кісі болатын. Өз халқымен тіл табыса білетін. Қонаев Гаграда, Пицундада бірнеше рет демалғанда өзім әуежайдан қарсы алатынмын, көп әңгімелесетінбіз.





– Саяси Бюроның осы мәселені қараған отырысына сіз қатысқан ба едіңіз?

– Қатысқанмын.



– Талқылау қалай өткені есіңізде ме?

– Ол кезде мұндай мәселеде талқылау деген болмайды.

– Қазақстан басшылығына Назар­баев­тың кандидатурасы қаралған жоқ па?

– Ол кезде балама кандидатура деген болмайды.



– Жақында Бакуге барып едім. Сон­да Гейдар Алиев туралы бір кітап алдым. Әлгі кітапта Гейдар Алиевтің Колбиннің канди­датурасына қарсы шыққаны, Горбачевке кіріп, “Колбин жақсы шаруа­гер, басқа қай жаққа жіберсеңіз де жұмысты алып кетеді. Тек Қазақстанға жіберу қателік болады”, деп айтқаны жазылған.

Бөлек кіріп, өзіне айтқан болар. Саяси Бюроның отырысында бұл ұсынысқа ешкім қарсы шықпағаны есімде. Колбин Қазақстанда дұрыстап жұ­мыс істей алмады. Кейін оның мәселесін Саяси Бюрода қарағанымызда бірнеше адам қатты сын айтты. Жіберген кемшіліктерін жөндеу тапсырылды. Бірақ ол тиісті қорытынды жасай алған жоқ. Содан соң оны Мәскеуге қайтару керек деп шешілді.



– Қазақстанда жүрген кезінде Колбиннің жұмысы Саяси Бюрода қаралған екен ғой? Алғаш рет естіп отырмын. Айтқандай, ол бізге келген бетте (мен Орталық Комитетте жұмыс істейтінмін):  “Мен Грузияда грузинше үйренгенмін. Бір жылда қазақ тілін де үйренемін”, деп сөйлеген. Шынында грузинше біліп алған ба еді?

– Олай деуге болмайды. Ауызекі сөзді аздап түсінетін бірақ. Ал қазақ­шаны қаншалықты үйренгенін мен білмеймін.



– Оны біз білеміз.

– Басқа халықтың тілін, әсіресе өзге тілдік топтағы халықтың тілін үйренуге жылдар керек. Ал мінез-құлықты меңге­ру, халықтың жанын түсіну одан да қиын. Бұл дегеніңіз тұтас тұрған өзінше ғылым. Жалпы, Колбинмен жасалған сол эксперимент өте сәтсіз болды. Қазақстан басшылығын олай ауыстыру студенттердің жаппай наразылығын туғызғанын, көтеріліс милицияның, әскердің күшімен басылғанын, қан төгілгенін бүкіл әлем біледі. Алайда, тәртіпсіздіктердің бәріне ұлтшылдар мен экстремистер кінәлі деген қорытынды ғана жасалды. Кім біледі, Алматыдағы оқиғадан тиісті тағылым алғанымызда Сумгаиттағы, Тбилисидегі, кейінірек Балтық бойындағы сұмдықтар орын алмауы да мүмкін бе еді. Балтық бойын­дағы оқиғадан кейін мен АҚШ елшісіне: “Басқарудың диктаторлық тәсілдері қайта оралса, мен отставкаға кетемін. Қолы қанға батқан үкіметтің мүшесі болып қала алмаймын”, дегенмін. Ол кезде КСРО Сыртқы істер министрі қыз­ме­тінде екенімді өзіңіз білетін шығарсыз.



– Білгенде қандай. Біз сіздің сол қызметтегі әр қадамыңызға қызыға қарап отыратынбыз. Одақ министрі лауазымы­ның қай-қайсысы да ерекше құрметті. Сыртқы істер министрінің жөні бөлек. Оның үстіне тарихтың сондай бетбұрысты кезеңінде тіпті бөлек. “Қырғи-қабақ соғыстың” бәсеңдеуі, стратегиялық қару-жарақтың қысқартылуы, екі Германияның бірігуі, Ауғанстаннан совет әскерлерінің әкетілуі  сияқты аса ірі қадамдардың бәрі сіз министр болған тұста атқарылды. Сізді бұл қызметке Горбачев шақырды. Таңдау неге сізге түсті деп ойлайсыз?

– Михаил Горбачевті мен аса көр­некті тұлға, жаңа тұрпаттағы саясаткер деп санаймын. Ол уақыттың үнін дәл ести білді. Кеңес Одағының өмір сүрген жылдарында коммунистік идеологияны ревизиялау тұңғыш рет Горбачевтің тұсында басталды. Андропов қайтыс боларының алдында Бас хатшы қызме­тінде өзін Михаил Горбачев алмастыр­ғанын қалайтынын айтқан. Алайда, Саяси Бюродағы жасы келген партиялық элита Черненконы жақтап шықты. Горбачев билік басына келгеннен кейін ішкі және сыртқы саясатта түбірлі өзгерістерді қолға алуға тырысты. Ал оның мені таңдағанына байланысты не дей аламын? Біз көптеген жылдар бойы араласып тұрдық. Грузияға жыл сайын келетін. Республикадағы жаңалықтарды, эксперименттерді, әсіресе ауыл шаруа­шылығына нарықтық экономиканың кейбір тетіктерін енгізу талабымызды қолдайтын. Ол кезде бізде халық дәулетті тұратын. Михаил Сергеевичтің өзі де, Раиса Максимовна да грузин өнерін, әсіресе грузин киносын өте жақсы білетін. “Тәубеге түсу” фильмін экранға шығаруға бізге Горбачев көмектескен. Сыртқы істер министрі қызметіне адам таңдағанда Горбачев ол жерге маман дипломаттан гөрі өзінің ойымен ортақта­сатын, дүниедегі құбылыстарға жаңаша қарай алатын, өзімен әріптес болатын адам іздеді деп санаймын. Менің Сырт­қы істер министрі қызметіндегі белсене араласқан мәселелерімнің ең негізгілерін өзіңіз де айтып отырсыз.



– Дегенмен, сол мәселелердің қалай шешім тапқанын өз аузыңыздан да естігіміз келеді.

– Екі мәселені айтайын. Біреуі – Ауғанстан, екіншісі – Германия мәселесі болсын. Мұның екеуі де мені саясаткер ретінде зор қанағат сезіміне бөлейді. Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан алып шығу жөніндегі кесімді сөзді мен айттым дей аламын. Әрине, мемлекет басшы­сымен келіспейінше министрдің бірде-бір мәселені өз бетінше шешпейтіні белгілі, бұл арада мен осы мәселелер бойынша менің ұстанымым басшылыққа алынғанын айтып отырмын. СОКП-нің ХХVІІ съезі қарсаңында мен Горбачевке есепті баяндамада Ауғанстаннан әскерді алып шығу жөнінде міндетті түрде айты­луы керек деп ұсыныс жасадым. Михаил Сергеевич келісті. Есепті баянда­маның соңғы нұсқасы съезге бір күн қалғанда Саяси Бюро мүшелеріне таратылып берілетін. Баяндаманы бізге кештетіп, түнге қарай берді. Қарасам – Ауғанстан мәселесі жоқ. Содан түн ортасында Горбачевтің үйіне телефон соқтым. “Бәлкім, біраз уақыт тоса тұрармыз?”, деді Бас хатшы. Мен онда бұл мәселені съезде өзімнің сөйлейтін сөзімде көтере­ті­німді, халықтың мені қолдап кететінін, ал Михаил Сергеевичтің ыңғайсыз жағдайда қалатынын айттым. “Жарайды. Ертең бұл пунктті қосамын”, деді ол. Таңертең съезге жиналып жатқанымда өзі телефон соқты. “Сенің тапсырмаңды орындадым”, деді. Дауысында маған сену де, келісімге келу де бар, аздап кекесін де жоқ емес.



Министр кезімде Ауғанстанға кемінде он рет барған шығармын. Офицерлер жасағының алдында біздің әскерлерді елден алып шығу жөнінде алдын-ала келі­сім жасалғанын хабарлағанымды ешқа­шан ұмыта алмаймын. Шынымды айтсам, жұрт қол соғып жібереді деп ойла­ғанмын. Жоқ, зал тым-тырыс. Генерал­дар тіпті түнеріп алыпты. Бұл не сонда? Жеңілген армия күйінде елге қалай қайтамыз деп уайымдағандары ма? Елге барған соң қайда тұрамыз, кім бізге пәтер береді деген сияқты мәселелерді ойлап қиналғандары ма? Ол жағы да бар. Негізгісі осы жағы да шығар. Сонымен бірге, кейін білсем, басқа жағы да бар екен. Генералитеттің бір бөлігі Ауғандағы соғыстың аяқталғанын қаламайды екен! Ауғандағы соғыс олар үшін байлыққа белшесінен батудың көзіне айналған екен! Мәскеуге қайтып келе салысымен мәселені Саяси Бюро отырысының күн тәртібіне енгізіп, Ауғанстаннан әскерді алып шықпасақ мыңдаған аналардың көз жасына қалып, бүкіл әлем алдында он­сыз да азайған абыройдан біржола айы­рылатынымызды айттым. 1989 жылдың 15 ақпанында, Женевада жасалған келісімге сәйкес, Ауғанстан­нан кеңес әскерлерін алып кету толық аяқталды.

(жалғасы)
  1   2   3

  • – Сонда да бірқатар артықшылықтар болды ғой
  • – Грузин тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтап қалуына Брежнев қалай көмектесіп жүр
  • – Екінші хатшы – Колбин ғой
  • – Мәскеу осыған келісті ме
  • – Колбин грузин тілінің мемлекеттік мәртебе алуын қатты жақтады дейсіз. Жалпы, ол кісі туралы пікіріңіз қандай
  • – Саяси Бюроның осы мәселені қараған отырысына сіз қатысқан ба едіңіз
  • – Оны біз білеміз.
  • – Дегенмен, сол мәселелердің қалай шешім тапқанын өз аузыңыздан да естігіміз келеді.
  • (жалғасы)

  • жүктеу 304.91 Kb.